«ШАБЫТ ШАЛҚЫҒАНДА» – АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ АЙШЫҚТЫ КЕШІ!
«ШАБЫТ ШАЛҚЫҒАНДА» – АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ АЙШЫҚТЫ КЕШІ!
Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпазы Нұрлан Есенқұловтың «ШАБЫТ ШАЛҚЫҒАНДА» атты айтыстар жинағының тұсаукесер кеші өтті.
Рухани кешті Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек ашып, ақынның ұлттық өнерді дәріптеу жолындағы еңбегін атап өтіп, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ қала әкімінің арнайы сый-сияпатын табыстап, өнер иесіне құрмет көрсетті.
Кеш барысында ақынның өнердегі ұстаздары ақ тілектерін айтып, шәкіртінің шығармашылық жетістіктеріне тоқталып, жаңа кітаптың тұсауын кесті. Ақынның ширек ғасырлық өнер жолындағы сөз сайыстары топтастырылған бұл жинақ – ұлттық сөз өнерінің рухани қазынасына қосылған құнды еңбек.
Айтыс өнеріндегі ізбасар інілері де ақынға жырдан шашу шашып, жүрекжарды арнауларын орындады. Ағаға құрмет, ұстазға ізет көрсетілген тағылымды кеш өнердегі ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.
Сөз өнері салтанат құрған, жыр мен шабыт тоғысқан рухани кеш көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Ақынның жаңа кітабының ғұмыры ұзақ, оқырманы көп, шығармашылық мерейі үстем болсын!
https://www.facebook.com/share/r/1CqBsF9N29/