Жаңалықтар

ҚЫЗМЕТТЕРДІ ЦИФРЛАНДЫРУДАН — ТЕХНОЛОГИЯ ЭКСПОРТЫНА

ҚЫЗМЕТТЕРДІ ЦИФРЛАНДЫРУДАН — ТЕХНОЛОГИЯ ЭКСПОРТЫНА

Соңғы жылдары цифрлық трансформация Қазақстанның дамуындағы маңызды бағыттардың біріне айналды. 2024 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасында 24-орынға көтерілді. Ал 2019 жылы еліміз бұл рейтингте 39-орында болған.

Отандық IT-қызметтердің экспорты да қарқынды өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша олардың көлемі 1,142 млрд АҚШ долларына жетті. Салыстырмалы түрде, 2020 жылы бұл көрсеткіш 33,5 млн АҚШ долларын құраған. IT-қызметтер экспорты алғаш рет 1 млрд долларлық межеден асып, Astana Hub резидент-компанияларының экспорты 633 млн АҚШ долларына жетті.

Сонымен қатар цифрлық инфрақұрылым да дамып келеді. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90,4 пайызы электрондық форматта көрсетіледі, ал олардың 95,9 пайызы смартфон арқылы қолжетімді. Елде интернет инфрақұрылымын кеңейту, сондай-ақ 5G қоса алғанда, заманауи байланыс технологияларын енгізу жұмыстары жалғасуда.

Қолма-қол ақшасыз төлемдер саласында да елеулі өзгерістер орын алды. 2019 жылы төлем карталарын пайдалану арқылы жасалған қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемі 13,3 трлн теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 186,3 трлн теңгеге жетті. Яғни, аталған кезеңде шамамен 14 есеге өскен.

Осылайша, цифрландыру біртіндеп электрондық мемлекеттік қызметтер аясынан шығып, мемлекеттік басқару, телекоммуникациялар, қаржы секторы, IT-индустрия және технологиялар экспорты сияқты маңызды бағыттарды қамтып отыр. Бұл үдерістер Қазақстан экономикасының жаңа цифрлық инфрақұрылымының қалыптасуына негіз болуда.