«Өмір философы: Абайдың кемел ойлары» атты тағылымды шара өтті
Абай күніне орай «Өмір философы: Абайдың кемел ойлары» атты тағылымды шара өтті
10 тамыз – Абай күніне орай Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұлы ақынның шығармашылық мұрасын насихаттау, философиялық ой-тұжырымдарын кеңінен таныту және өскелең ұрпаққа Абай тағылымын дәріптеу мақсатында «Өмір философы: Абайдың кемел ойлары» атты рухани-танымдық шара ұйымдастырылды. Тағылымды басқосуды кітапхананың көрмелік-бұқаралық іс-шаралар секторының басшысы, «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Алдабергенова Айгерім Төребайқызы жүргізді.
Шараның ашылуында Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы алғы сөз сөйлеп, Абай мұрасының ұлттық руханияттағы орнына тоқталды. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мұхтартану» орталығының басшысы, абайтанушы, мұхтартанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек және Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Оқу ісінің үздігі Нариман Жұмашұлы Нұрпейісов Абайдың кемел ойлары мен адамзаттық құндылықтары жөнінде мазмұнды пікірлерін ортаға салды.
Рухани кеш барысында Абайдың әндері мен өлеңдері орындалып, әдеби композициялар ұсынылды. Халықаралық Абай оқуларының жеңімпаздары Батырбек Ұлзере мен Батырбек Балауса, «Абай әлемі – 2026» республикалық көркемсөз оқу байқауының бас жүлде иегері Иса Жақсыгелдіұлы Шаншар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Эльмира Сәрсенбайқызы, дәстүрлі әнші Оразәлі Жаңабай және әнші Бекзат Сәкенұлы өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ шараға «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ «БК «Будёновское» ЖШС өкілдері мен Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты.
Шараның «Абайды тану – Өзіңді табу» бөлімі қатысушылардың белсенділігін арттырып, ұлы ойшылдың қара сөздері мен тағылымды тұжырымдарын қазіргі заманмен сабақтастыруға мүмкіндік берді. Абайдың «Ақыл. Қайрат. Жүрек» ұстанымы негізінде өрбіген мазмұнды кездесу – кемел адам қалыптастыру идеясын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған маңызды рухани алаңға айналды.
#Абайкүні
#Abayday