«ЖАҢА ДӘУІР - ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ӘДІЛЕТКЕ БАСТАР ЖОЛ» 2
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен елімізде жаңадан күшіне енген Қазақстан Республикасы Конституциясын ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Жаңа дәуір – жаңа конституция: әділетке бастар жол» атты кездесу өтті.
Шараны кітапхана директорының орынбасары Асылзат Оспанқызы Арыстанова ашып, Конституция – ел бірлігі мен тұрақтылығының, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының берік кепілі екенін атап өтті.
Кездесу барысында жазушы Жақсылық Сыдықбайұлы Конституцияның ұлттық құндылықтарды сақтап, тәуелсіздікті нығайтудағы орны туралы мазмұнды ой қозғады. Заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін айтып, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Заң бөлімінің бас маманы Абу Назгүл Үсенқызы азаматтардың құқықтары мен міндеттерін білудің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне назар аударса, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілі, подполковник Арынов Шерхан Жомартұлы Конституцияны құрметтеу – Отанға деген құрметтің көрінісі екенін атап өтті.
Денсаулық сақтау саласының ардагері Бекмұратова Күлайша бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылықтың қадірін бағалау қажеттігін айтып, жастарды заңға құрметпен қарауға шақырды. Ал фантаст-жазушы, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» Сарманбай Исақ Конституцияның тек заңдар жиынтығы емес, елдің болашағына бағыт беретін маңызды құжат екенін жеткізді.
Пікір алмасу барысында өз ойларын ортаға салған зиялы қауым өкілдері де шараның маңыздылығын ерекше атап өтті. Шымкент қаласының құрметті азаматы Онбаев Серікбай Мейірбайұлы мұндай кездесулердің жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал ететінін айтты. Филология ғылымдарының кандидаты Асылбек Әуезханұлы құқықтық тәрбие отбасынан басталып, қоғамда жалғасуы тиіс екенін жеткізді. “Дала данышпаны - Майқы би” атты кітабынан бабалардан қалған өсиет жолын жеткізді. Қазақстанның Құрметті журналисі Әбдімәлік Ағыбай Конституция құндылықтарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихаттаудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар тарихшы Есбол Сенбекұлы Асылбеков Қазақ хандарынан қалған заң-жарғыларды слайд түрінде көрсетіп, жиылған жұртшылыққа өте пайдалы танымдық дүние көрсетсе, өлкетанушы Қаппар Сейдалыұлы, журналист Аман Жайымбетов Ата заңымыздың қадірі артып, арнасы кеңігенін айтып берді. Фармацевт, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ұлт жанашыры Тұйғынбек Мәуленұлы Әлжігіт ата-бабаларымыздың ұстанған заңнамасынан мысалдар келтірсе, Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесі төрағасының орынбасары Әлиев Есебалы Кәтипұлы Конституцияның қоғамдағы бірлік пен әділеттілікті нығайтудағы рөлі туралы өз пікірлерімен бөлісті.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар Конституцияны құрметтеу – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Осындай тағылымды басқосулар құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заң үстемдігін дәріптеуге және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға зор үлес қосатыны айтылды.
