Жаңалықтар

ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА

ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА

КІТАП ӘЛЕМІНІҢ АДАЛ ПЕРЗЕНТІ

Қоғамның рухани діңгегін бекемдеп, мәдениеттің алтын көпіріне айналған қасиетті мекен - кітапхана десек, осы қара шаңырақтың шырағын жағып, өмірін кітап ісіне арнаған жандардың еңбегі - нағыз жасампаздық пен шынайы отансүйгіштіктің үлгісі. Осындай ерен еңбектің, өз ісіне деген шексіз адалдықтың жарқын бейнесі – Шымкент қаласының Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Кітап қорын толықтыру» бөлімінің сектор басшысы Имамәді Гүлбаршын Иманәліқызы. Ол - саналы ғұмырын ағартушылық жолына, руханият саласына арнаған және өз мамандығын өмірінің мақтанышына айналдыра білген нағыз еңбек адамы.

Кейіпкеріміздің білім мен мәдениетке толы өмір жолы 1985 - 1989 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтынан басталды. Осынау іргелі оқу орнында «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша терең білім алған ол, алғашқы еңбек жолын 1989 жылдың қыркүйегінде Мақтарал ауданы, Коммунизм совхозына қарасты №4 Абай орта мектебінде лаборант болып бастады. Көп ұзамай, 1990 жылдың тамызында өзі бітірген мамандық бойынша осы мектептің кітапханашысы қызметіне кірісті.

Гүлбаршын Иманәліқызының бойындағы терең білім мен тілге деген сүйіспеншілік оны 1994 жылы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі лауазымына жетеледі. Ұстаздық еткен жылдары ол шәкірттердің жүрегіне білім нәрін сеуіп, ана тіліміздің қадір - қасиетін ұғындырды.

1998 жылдан бастап Гүлбаршын Иманәліқызының өмірі Шымкент шаһарының басты рухани ордаларымен тығыз байланысты болды. Ол 1998 – 2013 жылдар аралығында С. Пушкин атындағы Облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында оқырмандарға қызмет көрсету, мерзімді басылымдар және кітап қорын толықтыру бөлімдерінде қызмет етіп, мыңдаған оқырманның кітапқа деген қызығушылығын оятты. Ал 2014 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Кітап қорын толықтыру» бөлімінің сектор басшысы болып жемісті жұмыс істеп келеді. Кітапхананың жүрегі саналатын - кітап қорын байыту, жүйелеу және оны болашақ ұрпаққа аманаттау ісінде оның сіңірген еңбегі орасан зор.

Мамандығына деген адалдық пен кәсіби шеберлік ешқашан елеусіз қалмады. Гүлбаршын Иманәліқызының кітапхана саласына қосқан қомақты үлесі мен қажырлы қызметі мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланды. Ол 2019 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталса, 2023 жылы кітапхана саласына қосқан ерекше үлесі мен қажырлы қызметі үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А. Балаеваның қолынан Құрмет грамотасын алды. Сондай-ақ, 2025 жылы салалық қауымдастық төрайымы Ғ. Нұрғалиеваның шешімімен мәртебелі «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері атанды.

Гүлбаршын Иманәліқызы - әріптестері арасында ғана емес, қалың оқырман ортасында да үлкен құрметке ие жан. Ол - адам бойындағы қарапайымдылық пен кішіпейілділікті бәрінен биік қоятын, өзгелердің жақсы қасиеттерін бағалай білетін кең жүректі тұлға. Жұмысына тиянақты, жауапкершілігі мол және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман ретінде ұжымның ұйтқысы болып отыр.

Кітап әлемінің сарбазы болып, руханият майданында талмай еңбек етіп келе жатқан Имамәді Гүлбаршын Иманәліқызы - бүгінгі жастар үшін өз кәсібін сүюдің нағыз үлгісі. Осындай еңбекқор, парасатты жандар барда еліміздің мәдениеті мен руханияты әрдайым биіктен көрінері сөзсіз.

https://www.facebook.com/share/p/1FZb7RTHNn/

#АдалЕңбек

#ЛайықтыҚорғаныс

#КәсіподақШымкент