«Шымқалада шашылған жыр шуағы» атты поэзия кеші өтті
19 маусым - Қала күні қарсаңында өткен «Шымқалада шашылған жыр шуағы» атты поэзия кеші оқырмандарға ерекше рухани әсер сыйлады.
Кеш барысында ақындардың туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін жырлаған жүрекжарды өлеңдері оқылып, қала тарихы мен бүгінгі келбеті көркем сөзбен өрнектелді. Кешті кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Батырбайқызы ашты.
Жыр кешінде қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған сазгер, ақын, әнші Арайлым Саттарова өзінің авторлық әнін орындап, шығармашылық рухты асқақтатты. Сондай-ақ, осы кешке арнайы жазылған «Шымкентім құтты мекен ұлы қала» атты ақын Қанат Сапарбайдың арнау өлеңі оқылды. Мереке қарсаңындағы бұл әдеби кездесуде «Алқа» әдеби бірлестігінің мүшелері, кітапхана жастары және белсенді оқырмандар әдеби композиция орындады. Сонымен қатар, «Шұғылалы Шымқала» тақырыбында кеңейтілген кітап көрмесі жасалды.
Туған қалаға деген сүйіспеншілік пен рухани құндылықтарды дәріптеген әсерлі кеште қала мен қаламгерлер жайлы викториналық сұрақтар қойылып, белсенділерге естелік сыйлықтар берілді.