Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында әдеби-мәдени-танымдық «Мархабат» журналымен бірлескен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған «Түсінісу теоремасы» атты поэзиялық кеш өтті.
Кеш барысында ақынның адамзаттық құндылықтарды, руханиятты, ұлттық болмысты арқау еткен өлеңдері оқылып, шығармаларының тәрбиелік және танымдық мәні кеңінен сөз болды. Қатысушылар ақын поэзиясындағы терең философиялық ойлар мен адамгершілік идеялар жөнінде пікір алмасты.
Әдеби басқосу көрермендерді Мұхтар Шаханов шығармашылығына жаңа қырынан үңілуге жетелеп, поэзияның құдіретін сезінуге мүмкіндік берді.
Шараға қатысып, рухани кештің мазмұнды өтуіне үлес қосқан барша қонақтарға алғысымызды білдіреміз.