«Жан жылуы мен сүйіспеншіліктің ошағы – отбасы» атты кездесу кеші ұйымдастырылды
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай, «Кедергісіз кітап» жобасы аясында «Жан жылуы мен сүйіспеншіліктің ошағы – отбасы» атты мүмкіндігі шектеулі болса да, өмірдің түрлі сынақтарына мойымай, елге адал қызмет етіп, қоғамға үлгі болып жүрген өнегелі отбасымен тағылымы мол кездесу кеші ұйымдастырылды. Іс-шараны кітапхана директорының орынбасары Г. Б. Алпысбаева ашып, отбасы мен кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқталды.
Кездесу кешінің қонақтары Медетбаевтар өздерінің өмір жолы, кездескен қиындықтарды еңсерудегі төзімділігі, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген шексіз қолдауы мен сүйіспеншілігі туралы әсерлі ойларымен бөлісті. Олардың әрбір айтқан сөзі үлкен ой салып, өмірдің қадірін түсінуге, жақсылыққа ұмтылуға, отбасы ынтымағының құдіретін сезінуге жол ашты. Сонымен бірге, арнайы кітапхана мамандары: ақын Ербек Бакиев пен жазушы Мадина Ермаханова, дәстүрлі әнші Тәттімбет Керей және Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының оқушылары қонақтармен еркін сұхбат құрып, кеш мазмұнын тереңдете түсті. Кітапхана қызметкерлері мен қонақтар әдеби композиция орындады.
Мазмұнды өткен кездесу кеші – адамгершілік құндылықтарды ұлықтап, қоғамда мейірім, жанашырлық, қайырымдылық секілді асыл қасиеттерді дәріптеуге бағытталған маңызды рухани шара болды.