V Халықаралық Фараби форумының екінші күні

V Халықаралық Фараби форумының екінші күні. Форумға қатысушы отандық және шетелдік ғалым қонақтармен бірге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заманауи зертханаларына біздерді арнайы саяхат жасатты. Ең алдымен «Цифрлық технологиялар және робототехника» зертханасынан бастадық. Содан кейін Жоғары технологиялық жобалар мен стартаптарды дамытуға арналған «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығымен таныстық. Соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған ғылыми зертханалар ғылым мен технологияның әртүрлі салаларына зерттеулер жүргізіп, тәжірибе жасайды екен. Әлемдегі үздік суперкомпьютермен жабдықталған кластерлері біздерді таң-тамаша етті. Сонымен бірге Әл-Фараби ғылыми кітапхана тынысымен де толық танысып шықтық. Ондағы Әл-Фараби музейі, Классикалық оқу залы, Әл-Фараби ғылыми көпшілік залы, бірнеше конференц залдары, Абай залы, «Алаш мұраты» экспозициясы, әсіресе, Сирек және бағалы басылымдар бөліміндегі құнды жәдігерлерді көрудің өзі бір ғанибет болды. Бізбен бірге жүрген т.ғ.д. Муминов Әшірбек ағадан Әл-Фараби, Қ.А.Иасауидің сол жердегі тұрған көне жәдігерлер бойынша тарихи деректер негізінде қызықты мағлұматтар алдық. Жалпы алып тауларымен таласа бой көтерген жетекші университет, жасыл желекке бөленген, жаңбырдан кейінгі саф таза ауасы мен көз тартар сұлу табиғаты бойымызды бір сергітсе, Фараби форумындағы көргендеріміз бен алған ақпараттар рухани серпілткендей ғажайып күйге бөледі.