ШЫҒЫСТЫҢ ҒҰЛАМА ҒАЛЫМЫ ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
ШЫҒЫСТЫҢ ҒҰЛАМА ҒАЛЫМЫ ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
Логика, физика және математика ғылымдарын меңгерген соң, метафизиканы қайта зерделеуге бекініп, «Метафизика» кітабын оқыдым. Дегенмен одан ешбір нәрсе түсінбедім, кітаптың мақсаты мен үшін жұмбақ күйінде қалды. Кітапты қырық рет оқып, жаттап та алдым. Алайда, қажырлы еңбекке қарамастан кітаптың өзі де, мақсаты да мен үшін мүлде түсініксіз күйінде қалды. Кеудеме үмітсіз сезім ұялаған мен: «Бұл кітапты түсінудің ешбір жолы жоқ!» деп шештім. Бір жолы, түстен кейін кітап түптеушілерге бардым. Әлдебір сатушы-делдал, қолына бір кітапты ұстап тұрып, оны жер-көкке сыйғызбай мақтады. Ол кітапты маған ұсынды, алайда одан үзілді-кесілді бас тарттым, себебі, бұл кітаптан ешбір пайда жоқ екеніне сенімді едім. Ол менен: «Кітапты сатып алшы, саған тым арзанға, үш-ақ дирхемге беремін, кітаптың иесі оған өте мұқтаж», - деп өтінді. Мен кітапты сатып алдым. Бұл кітап, Әбу Насыр әл-Фарабидің «Метафизика» кітабының мақсаты туралы» еңбегі болып шықты. Үйге келген соң, кітапты оқуға асықтым. Басынан соңына дейін жаттап алған кітабымның мақсаты осы арада ашылды. Бұған қатты қуанып, Жаратушыма сансыз мадақ айттым. Келесі күні, кедей-кепшікке молынан садақа үлестірдім.
Ибн Сина