ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ және ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ немесе ҚАРА ЖОЛДАН - САРА ЖОЛҒА
ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ және ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ
немесе
ҚАРА ЖОЛДАН - САРА ЖОЛҒА
Бүгін қаламызда «Шымкент келбеті»,«Панорама Шымкента газеттерінің жарық көре бастағанына 35 жыл толуына орай «ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ және ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ» атты форум болып өтті.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбектің алғысөзімен басталған шара қазіргі қазақ баспасөзінің ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары мамандарының қатысуымен республикалық көлемде аталып өтті. Қала газетінің мерейлі 35 жылдық мерекесімен құттықтаған Сәрсен Абайұлы қала әкімінің арнайы құттықтау хатын табыстады.
Өңірімізге белгілі журналистика саласының ардагерлері сөз алып, қаламыздың мәдени-бұқаралық өміріне үздіксіз үлес қосып келе жатқан мерейлі ұжымның өткені мен бүгініне тоқталып, естеліктерімен бөлісті.
Кітапхана директоры Анар Абусайылқызы арнайы қонақ болып құттықтауын жеткізді. Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен «Шымкент келбеті» газетін ортақ мақсат — ұлттық рухты жаңғырту, мәдени мұраны дәріптеу, оқырман санасын байыту тоғыстырады. Газет беттерінде жарық көрген тарихи-танымдық мақалалар, қаламгерлердің ой-толғамдары мен рухани сұхбаттар кітапхана қорын мазмұнмен байытып, оқырманға жол тартуда. Ал кітапхана қабырғасында өткен талай мәдени-рухани шаралар, әдеби кездесулер мен таныстырылымдар сіздердің ақпараттық қолдауларыңыз арқылы қала жұртшылығына кеңінен жетіп келеді.
Көпшіліктің көңілінен шыққан шара қаламыздың бас газетінің беделін биіктетіп, тұғырын мықтай түсті. «ШЫМКЕНТ АҚПАРАТ» мекемесінің бас директоры Динар Керім бастаған ұжым мен ардагер журналист Бақтияр Тайжан қостаған қаламын серік еткен журналистер қауымына шығармашылық табыс, еңбектеріне береке тілейміз.