Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы
Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы
30 қазан күні Шымкент қаласында ұлы ойшыл, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толуына арналған “Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы” атты республикалық ғылыми-көпшілік конференция өтті. Іс-шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылды.
Конференцияның басты мақсаты – бабамыздың әлемдік өркениетке қосқан өлшеусіз үлесін кеңінен насихаттап, жас ұрпақты ғылым мен білімге, рухани құндылықтарға баулу болды.
Шараны қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек ашып берді.
Айрықша атап өтерлігі – шара барысында тұңғыш рет құрастырылып отырған “Фарабитану” атты 20 томдық көптомдық ғылыми жинақтың тұсауы кесілді.
Конференцияға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, мәдениет және ғылым саласының өкілдері, жастар ұйымдары мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Басқосуда Әл-Фараби еңбектерінің заманауи қоғамдағы маңызы, ұлттық сана мен рухани жаңғырудағы рөлі кеңінен талқыланды.
Осындай мазмұнды әрі тағылымды шаралар — жас ұрпақтың парасатты тұлға болып қалыптасуына, халқымыздың рухани байлығын дәріптеуге үлкен жол ашады. Анар Жаппаркулова қарындасымыз бастаған кітапхана ұжымы өте жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Бабамыздың мұрасы – мәңгілік. Оны танып-білу мен насихаттау – әрбір саналы ұрпақтың парызы.