Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы
Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы 
Бүгін Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұлы ойшыл, ғалым Әбу-Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толуына орай және рухани мұрасын насихаттауға арналған “Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы” атты республикалық ғылыми-көпшілік конференция өтті.
Іс-шараның мақсаты – бабамыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесін кеңінен насихаттап, жастарды ғылым мен білімге, рухани құндылықтарға баулу.
Шараны қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек ашып берді. Жыл сайынғы дәстүрмен өткізіліп жатқан шарада ғұлама ғалымның өмірі мен мұраларын зерттеген ғалымдардың еңбектері құрастырылған көптомдық ғылыми жинақтың тұсауы кесілді. Авторлардың қатарында белгілі фарабитанушы ғалым, философ Жақыпбек Алтайұлы Алтаев, ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. , қауымдастырылған профессор Әсет Құранбек, және ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Қанат Алтынбек бар.
Конференцияға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, мәдениет және ғылым саласының өкілдері, жастар ұйымдары мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Шара барысында Әл-Фараби еңбектерінің заманауи қоғамдағы маңызы талқыланып, ғылыми баяндама мен пікір алмасулар өтті.
Қатысушылар ойшыл мұрасының ұлттық сананы жаңғыртудағы рөліне ерекше тоқталды.
Осындай мазмұнды іс-шаралар жас ұрпақтың парасатты тұлға болып қалыптасуына, рухани байлығымызды дәріптеуге жол ашады.