24 қазан - Кітапханашылар күні
24 қазан - Кітапханашылар күні
Кітап туралы қанатты сөз де, сан түрлі пікірлер де бар. Бір анығы - тасқа қашалып жазылған Тоныкөк жырлары сияқты құнды кітаптың бағасы қай заманда болмасын құнын сақтап қалады. Кітапқа, кітапханаға, кітапханашылар қауымына қоғам назар аударып отырған ақпараттық кезеңде өмір сүріп отырмыз. Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы да шырайлы қаламыз Шымкенттің рухани өміріне өз үлесін қосып келе жатқан руханият ордасы. Бүгін біздің мерекеміз. Осынау мерекелі күнде осы саланың, Кітап ісінің көшін көрікті етіп келе жатқан барша әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймын! Кейде менің алдыма жұмыс іздеп келетін сан түрлі адамдармен сұхбаттасатын сәттер бар. Осы жерден бір тыныш жұмыс іздеп келіп едім деп ағынан жарылады. Мен сондай сәтте, сіз іздеген тыныш жұмыс бұл жерде емес деп кәсібіміздің жауапкершілігін, күнделікті ішкі жұмыстарымызды , жоспарлы, жоспардан тыс шараларды тізбелеп шыққанда тыныш жұмыс іздеп келген жанның өзі тыныш қана тұрып кетеді.
Бәріміз жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Цифрлық ел болудың да өзіндік күрделі тұстары бар. Адамдар арасында да жасанды қарым-қатынас, жасанды қуаныш, жасанды мұң бар. Жасандылықтан жабырқаған тұстағы жалғыз көмекші - кітап қана, кітапхана. Көркемшығарма оқыған адамның мінезі де, сөзі де, өзі де көркемдене түсетіні дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Кәсіби мерекемізде кітапханашылар дейтін қауымды қуантамыз десеңіздер - патша көңілдеріңіздің таразысына салдық. Кітапхана саласына қалтқысыз қызмет еткен ардагер кітапханашылар қауымын, қатар қызмет етіп келе жатқан барша әріптестерімізге мереке құтты болсын. Кітап оқиық, кітапханада кездесейік, жұмыла жүріп, кітап оқитын ұлт болып қалыптасайық!