«Айтыстың ақтаңгері» атты еске алу кеші өткізілді
Кітапханада айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Әбдікерім Манаповтың туғанына - 70 жыл толуына орай «Айтыстың ақтаңгері» атты еске алу кеші өткізілді.
Қазақ айтыс өнерінің дүлдүлі, халық ақыны Манап Көкеновтей сөз ділмарының ізін жалғастырушы, 1980-2000 жылдар аралығында қазақ айтыс өнерінің қайта жаңғыруына сүбелі үлес қосқан, суырып салма талант иесінің еске алу кешінде ақынның жары Гүлжаухар Мәлкенқызы, інілері Убайдулла Көкенов, Сырым Манап, шәкірті «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы» ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Берік Байболов сынды құрметті қонақтар бас қосты.
Еске алу кешін айтыскер ақын, филиология ғылымдарының кандидаты, кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова ашып беріп, ақын, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Әбдіхалық Әбдірайымұлы, айтыскер ақындар ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Леубаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Карима Оралова және айтыстың ақберені - Тәушен Әбуованың қызы Әлия Серікбайқызы қатысып, әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Негізгі салмағы да, түйіні де, өмірдің шыңдығын дәріптейтін - айтыс айдынына адал бола білген Әбдікерім ағаға А. Леубаева, К. Оралова жүрек жарды арнауларын ортаға салды. «Шымкент концерт» концерттік» ұйымының әншісі Бекзат Сәкенұлының орындауында әуеленген әндер шырқалса, республикалық, облыстық ән байқауларының жүлдегері Нағызхан Исламбек ақынның «Айнам-ау» әнін орындады.
Кеште автордың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян көрсетіліп, «Айтыстың ақтаңгері» атты кеңейтілген кітап көрмесі мен «Суреттер сөйлейді» атты фотоколлаж көпшіліктің назарына ұсынылды.
Кешті кітапхана директорының орынбасары Асылзат Оспанқызы жүргізді.
https://www.facebook.com/share/v/14JcpRUA6tX/