«Ән әлемінің падишасы»
Қазақтың аса көрнекті композиторы, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні қарсаңында, Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында «Ән әлемінің падишасы» атты әдеби сазды кеш өтті.
Кешке Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, қырық шақты әннің авторы атанған сазгер, Шәмші ағамыздың көзін көрген Нышан Төлегенов және ҚР Мәдениет қайраткері, «Еңбек ардагері» медалі және «ҚР Құрмет» грамотасының иегері Гүлбала Абуова қатысты.
Кеш қонақтары Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолы мен шығармашылығы, әндері жайлы естеліктерімен бөлісті. Кітапхана қызметкері Нұрбек Ажар композитордың әндерінен попурри орындады. М.Әуезов атындағы университетінің студенттері Төлеген Дәулет, Қайып Бейбіт композитордың «Арыс жағасында» және «Кешікпей келем деп ең» атты әндерін шырқап, көпшіліктің алғысына бөленді. Кешті директор орынбасары Асылзат Оспанқызы жүргізді.