Қасымбек Әбдіхалықұлы Сарымбетовтың «Мәңгілік ел» атты авторлық күйлер жинағының таныстырылымы өтті
Кітапханада «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, сазгерлер арасындағы республикалық, облыстық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты, «Құрметті ардагер» төсбелгісінің иегері, «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясына енген сазгер, күйші Қасымбек Әбдіхалықұлы Сарымбетовтың «Мәңгілік ел» атты авторлық күйлер жинағының таныстырылымы өтті.
Іс-шара қонақтары ҚР-ның жоғары мектебіне еңбек сіңірген қызметкер, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры, Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің профессоры Өтеген Губайдуллин, Түркістан қаласының құрметті азаматы, Еңбек ардагері, күйші, сазгер Әлімбетов Жайсанбай, «Жаныс» республикалық қоғамдық қорының төрағасы Ізбасаров Жарылқасын.
Шара барысында күйшінің өмірі мен шығармашылығы жайлы слайд көрсетіліп, «Мәңгілік ел» атты авторлық күйлер жинағының тұсаукесері өтті. Қызғалдақ сарайының «Қазақ ұлт-аспаптар» домбырашылар ансамблі және «Гүлшем» өнерлі балалар студиясының домбырашылар ансамблі күйшінің «Көкпар» және «Мереке» күйлерін нақышына келтіре орындап берді. Іс-шара қонақтары өнер иесіне жылы лебізі мен құттықтау сөздерін айтты.
Шара соңында сазгер, күйші Қасымбек Әбдіхалықұлы Сарымбетов зор ықыласқа бөленіп, оқырмандармен естелік суретке түсті.