БИІКТІК ПЕН ТЕРЕҢДІК
(Мархабат Байғұттың 80 жылдығына орай естелік эссе)
Күні кеше ғана қара жерді қатар басып жүрген, зеңгір аспанның саф ауасымен бірдей тыныстап, қатарлас ақын-жазушылармен әзіл-қалжыңымыз жарасып, алғы күннен үміт күткен, замандас-қаламдас туралы бүгін еске алу – естелігін жазу қандай қиын...
Қажырлы қаламгер, қайраткер қаламгер Мархабат Байғұттың арамызда алшаң басып жүрмегені қандай өкінішті. Кім келмей жатқан сексен, сол сексен жасты ортамызды толтырып, төрт көзіміз түгел тойласақ жараспас па еді? Амал не?
Жиын, іс-шараларда, шығармашылық кездесулер мен тойларда жиі бас қосып, қатарымызды кемітпей, көбіне егіз қозыдай қатар жүрген кездердің көзден «бұлбұл» ұшарын кім білген? Мені «дос-қарындас» атап, кейде көңіл-ауанын да байқатып қояр еді. Ондайда – мен Ханбибіге «сіз» деп сөйлеймін, ол болса «сен» деп сөйлейтін. Арамыздағы төрт-бес жасқа қарамай, - дейтін.
Бір кездері тума талантқа бай, Оңтүстік өлкемізде, мықтылардың болғаны рас. «Он ұлдың ішіндегі кенже қыздай», еркелеп-ақ өсіп ем. «Арпа ішінде бір бидай» деп, әсіре еркелететін Нәсіреддин Сералиев, Нармахан Бегалиев, Қарауылбек Қазиев, Әбжаппар Жылқышиев, Байділда Қонысбеков, Нәмет Сүлейменов, Махаң – Мархабат Байғұт сияқты, қатары сиремеген қалың ормандай ағаларымның арқасында шыққан төбем тауға айналушы еді! Бірде-біреуі бетіме келмей, бір қатқыл сөз бен қатыңқы қабақ көрмей, орталарында жүріп бой жеттім. Бүгінгідей ылаң сөз, жылан көз, өсектің ордасы жоқ еді. Бірақ сол қалыптасқан сыйластықты бұзуға әрекет ете қалған күнде, - «Әй, найсап!» - деп көтеріле кететін Омарбай Малқаровтың аса таяғынан аяқ тартатын.
Мархабаттың мінезі жібектей жұмсақ еді. Үнемі сабырлық сақтап, асып-таспайтын. Қаламына адалдық танытатын. Ұзақ жылдар журналистика саласында еңбек етті. «Оңтүстік Қазақстан» газеті шаңырағының керегесін қисайтпай, барынша таза қызмет еткеннің бірі де, бірегейі де өзі еді. Ол жерде еркіндік пен бос уақыт болмады. Жаныңды жеп, жүрегіңді мазалайтын, бітіп болмас күнделікті қара мақаланың тұтқынында болған ол, шығармаларын жарқылдап жазар кездің көбін газет жұмысына арнағанын білеміз.
Махаңның модераторлығы.
Сол екі ортада мен елу жылдығымды тойлап, келесі елу бес – «екі беске» дайындалып жүрген кезім болатын.
- Мархабат, - дедім, - осы елу бес жастың тізгінін өзіңізге ұстатсам қалай болады? Алматыдан Әбіш, Фариза, Қадыр Мырзалиев, Қайрат Жұмағалиев т.б. оның үстіне Қалаубек Тұрсынқұлов, Тұрсынбек Кәкішев ағаларымыз бастаған жазушылар Одағынан бір топ қаламгерлер келмек.
- Ойбай, жоқ, болмайды, жүргізе алмаймын! – деп, ат-тонын ала қашты. Олай дейтінім, мен сахнаның адамы емеспін. Көптің алдында сөйлеу деген бір ақірет қой, өзің білесің, мен оңашалықта үндемей жазуға машықтанған адаммын ғой, - деп барынша қашқалақтады. Бас-көзге қарайтын мен бе, айтқанымды өткізіп үйреніп қалған әдетпен:
- Жоқ, сен жүргізесің, сөз қысқа! – дедім. Жанымызда тұрған Әбілда Аймақ – дұрыс Маха, оның еш қиындығы жоқ деп, дем беріп қойды.
Мерейтой уақыты да келіп жетті. Облыстық Жұмат Шанин атындағы театр сахнасының оң жағына қойылған екі креслода отырмыз. Тамағын бір қырнап қойып, жағымды дауыспен кешті бастап кетті. Алдымен облыс әкімі Болат Жылқышиевқа сөз берді. Одан кейін сөйлеген Қадыр Мырзалиев, поэзияның көшін бастаған «Шахнаманы» жазған Фердаусиден бастап, ақындар туралы көшелі де көшебелі әңгімесімен жұртты ұйытып тастады. Қызық ақын Фариза Оңғарсыноваға сөз берілгенде басталды.
Бұл жайында Махаң «Жалғыз жортқан жолбарыс» атты эссесінде әдебиеттегі қаламдасы, әрі құрдасы Есқара Тоқтасыновпен арадағы әңгімесінде былай дейді:
- «Мен Ханбибінің жүргізушісімін ғой», - деймін Есқараға. – Ол қалай, темір көлік жүргізе алмайтын едің ғой, сен? – дейді Есқара. – Жоооқ, оның 55-ке толғандағы, 60-қа толғандағы, жайшылықтағы кештері мен кездесулерін жүргізіп келе жатырмыз. Ең алғаш, осыдан он жыл бұрын: «Елу бесімді сен жүргізесің!»-деді. «Ойбай, мен ондайға жоқпын ғой» - дедім. – «Жоқ, айттым, бітті» - деді.
Содан жүргізіп отырмын ғой. Бір кезде: - «Кештің деңгейін сүмірейтіп, төмендетіп жібердің» - деп ұрысты. Шанин театрының сахнасында. Қатар отырғанымызда. «Барым осы. Ұнатпасаң өзің жүргіз»-деп мен де қатты кеттім. Ертеңіне бейнефильмді көріпті. Әдейі келіп «Жақсы жүргізіпсің»- деп бетімнен сүйді.
Сол елу беске толғанында ғой, «поэзия патшайымы», қазір халық жоқтап жүрген Фариза, Ханбибі сіңлісіне құттықтау сөзін арнап, алғаш өз стиліне басып, ұрсын қырап алды. Бәріміздің жүрегіміз суылдап кетті. – «Мына Ханбибілерің «Шындыққа қарай жүздім мен» деген эссе жазыпты. Сол шығармасында менің кілең көлеңкелі, нашар жағымды көрсетіпті. – деп, бір қойды. Жүргізіп отырған маған қарап, сұқ саусағын шошайтып, - Мархабат, сен де барсың, сені де мәз қылмаған, мына Ханбибі» - деді. Бірақ - сәл пауза жасап: - Бірақ бұның жазғаны түгел шындық. Шындыққа қарай шын жүзген. Шындықты жазбаған ақын – ақын емес. Ханбибі – нағыз ақын! Ханбибі Есенқарақызы менен озды, - деп бір тоқтады, поэзия патшайымы».
- Шынымен сөйдеді ме?! Сөйтті ме?! – дейді Есқара Тоқтасынұлы терек түбіне тоқтай қалып, айқай салып... – Ия, деймін.
Махаң бұл жерде әріптесінің образын досына сыр қылып баяндап отырғандығы. Қайран Маха!
Кеш жүргізу оңай емес. Тойдағы айтылған лебіздерді кеш иесімен бірдей қабылдап, бірдей қуанып, бірдей мұңайып отырады. Бұл Махаңның сахнаға шығуының алғашқы дебюті еді. Оның байсалды, салмақты жүргізгендігінен болар кейінгі уақытта облыс аумағында ірілі-уақты іс-шараларды жүргізуді Мархабатқа жүктейтіні әдетке айналып кетті.
Кештің әсерлі, мағыналы өтуі, жүргізушіге өте-мөте байланысты. Қазіргі кезде бұны «модератор» деп атайды. Айырмасы: «жүргізуші» тегін болушы еді. Ал модераторлар бүгінде кәдімгі «асабалар» сияқты тиын-тебен дәмететін болыпты.
Атақты, ел аузында жүрген «Алтынай», «Нұрикамал» әндеріне тиын дәметуді білмедік қой. Қазіргі әншілер мен композиторлар арасында ақша төленетін көрінеді. Ой, тоба-ай!
Мархабат досым көп ұзамай облыстық партия комитетіне, одан соң «Тілдер басқармасына» басшылық қызметіне ауысты. Еркін тыныстауға мүмкіндік болды. Жазу мүмкіндігіне жол ашылды. Кітаптары бірінен соң бірі шыға бастады. Жазушылығымен қоса қайраткерлігі де ел қолдауына ілініп, көптеген марапаттарға ие болды. «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағымен қатар «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері атанды. Қатар жүрген аға досымның абыройына, қуанышына әрдайым ортақтас, тілеулес болып жүрдім.
Сабақ
«Алма алмаға қарап қызарады» деген бар. Махаң екеуміз де біріміздің олқылығымызды біріміз толтырып, жақсы қасиеттерді де бөліскен адамбыз. Менен қандай сабақ алғанын қайдам, менің Махаңнан алған сабағым көп.
Бір мектепте кездесу өтіп жатты. Оқушылардың интеллектуалдығына қайран қалып отырдық. Бір сұрау қойған қыз бала:
- Ағай, алдағы уақытта қандай шығарма жазбақшысыз? - деп сұрады. Сонда Махаң:
- Кешір, айналайын, алда жазатын кітаптар туралы айта алмаймын. Айтсам, жаза алмай қалуым мүмкін,- деді. Мен селк ете қалдым. Дәл солай! Дұрыс айтып отыр. Мен неге бұрын солай істемегенмін, деп ойланып қалдым. Өйткені бір кездесуде: - «Жібек» деген повесть жазып жатырмын, - дегенмін ғой. Сол повесті 18 жыл бойына жаза алмадым. Міне, әлі шала піскен дүниені көпшіліктің назарына ұсыну! Бұл да бір сабақ болды.
Жетпіс жастан асқан кезде, Махаңмен телефон арқылы сөйлесіп тұрып былай дедім:
- Маха, сіз бақыттысыз, олай ертең олай-бұлай болып кетсек, сіздің артыңызда әйеліңіз қалады, жазған-тергеніңізді жинап, шашау шығармай баспаға тапсырады. Кітаптарыңызды шығарады. Ал менде әйел жоқ, қыздардың бірі юрист, бірі экономист, енді бірі спортшы. Жазғандарым әр жерде шашылып қала ма деп қорқамын.
- Мен жазғанымның бәрін өзім реттеп кетемін. Ешкім сенің жазғандарыңды өз ойыңнан шығатындай жасай алмайды. Уақыт бар ғой, өзің ретте, - деді.
Сол сөзі сабақ болды-ау деймін, аяқталмай қалған жазбаларды, әр параққа жазылып тастай салған әртүрлі ой-пікірлерді, мақалалар мен естеліктерді жеке папкаларға салған болдым, бірақ көбіне мойным жар бере бермейді. Тез жалығам.
Махаңның ұқыптылығы, төзімділігі, жауапкершілігі маған дарымаған сияқты. Десе де ол айтқан сөзден сабақ алғаным рас.
Ал мен оған үнемі батыл болуды, ешнәрседен тайсалмауды ескертіп, жігер беріп жүрдім.
Ол мен туралы «Жалғыз жортқан жолбарыс» эссесінде былай дейді: ... «Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының тарихында бірінші рет ақынмен кездесу өтті. Генерал Ибраһим Иманов Ханбибіні әдеби, өлең кешіне кездесуге шақырады. Мен кешті жүргізуге тиіспін. Қарасам залда екі жүз елу прокурор отыр. Сұсты. Сесті. Мұндай сірескен аудиторияны кім көріпті. Ханбибіге қарасам, ол да прокурорлардан бетер сіресіп отыр. Мен ғана әлек» - дей келе Ханбибі өлең оқып, сұрауларға жауап бере бастағанда, аудитория майдай еріп, сең қозғала бастады, - дейді.
Кеш жүргізу оңай емес. Сондықтан да екінің бірінің батылдығы жетіп, келісім бере бермейді. Сондайда, әріптесімізді жігерлендіріп, - «Сен бәрінен биіксің. Бұлар тек жазылған заңды ғана біледі. Бізге сөзді Алла ауызға салады. Жерден қазамыз, аспаннан аламыз, жоқ жерден ел оқитын шығарма жазамыз. Сондықтан биіктік қалпыңды сақта!» - деп сыбырлаймын. Махаң қалпына келіп, әрі қарай сұлу сөзді будақ-будағымен ақтарады.
Бір-біріміздің жетпеген жерімізді толықтырамыз, содан да кездесулерге бірге шақырады. Егіз қозыдай бірге жүрдік. Жұрт қуана қарсы алды, сүйсіне қарады бізге. Әдемі дуэт болдық.
2019 жылы жетпіс жасқа толуыма байланысты салтанатты кеш өтетін болды. Әуресі мен машақаты көп-ақ. Қалалық мәдениет басқармасы жауапты. Бір күн қалғанда «Кешті кім жүргізеді?» десем – Конферансье, - дейді. Яғни көркемсөз оқу шебері. – «Менің бір кітабымды оқымаған адам қалай жүргізеді?» –деп аң-таңмын. Сол кездегі қала әкімі Ерлан Айтаханов – «Апай, өзіңіз таппасаңыз қиын болайын деп тұр» - деп мазасызданды. Менің ойымда Махаңнан басқа кім тұрады дейсің. Бірақ уақыт тар. Ол қалада ма, жоқ па, ол жағы тағы белгісіз.
Телефонды алып: - Маха, жетпістің де тізгінін өз қолыңызға аласыз-ау, - дедім жүрексініп. – Осы жолы жүргізіп беріңіз, сексен жылдығымды жүргіз деп айтпаймын, - дедім.
– Неге? - деген ашулы үні естілді. – Сен сексенге келгенде мен небәрі сексен беске келемін, шал болып қалады деп отырсың ба? –деді ренжіп. – Жоқ, ондай ой жоқ, әрине өзіңіз жүргізесіз! – дей бердім, келісім бергеніне қуанып. Астанадан Көпен Әмірбек келді. Екі классик екі жағымда, қос қанатым болып, әдемі сөздерімен, әзіл-қалжыңымен, жүздеген адамды еркін баурап алып еді-ау!
Былтыр өткен жетпіс бес жасқа арналған мерейтойымда «қос қыранымның» орны опырайып тұрды. Екеуі де о дүниеде, жұмақтың төрінен орын алған болар, бүгінде алланың ісіне амал жоқ. Имандары саламат болғай.
- Мен әр мерейтойыңда бір мақала жазамын, сен болса үнсізсің ғой, -деді бірде сыпайылап.
- О, Маха, бар күшімді сексен жылдығыңызға сақтап жүрмін ғой, - деймін сенімді түрде.
- Жарайды, - деп жымиып күледі, маржандай тістерін көрсетіп.
Мадақтау мақаласы емес естелік жазылады деп кім ойлапты?!
Қалжың айтыс
Осыдан отыз жыл бұрын-ау деймін. Облыста жас қаламгерлердің жыр «мүшайрасы» өтіп, әділқазылар түскі үзіліске шыққан. Ол кезде, дәмге толы дастарқан үстінде «қырғыздың қызы» деп атайтын коньяк пен «жамбылдың жігіті» деп атап кеткен «Жамбыл водка» тұратын. Әркім тәбетіне қарай алатын. Қазылардың бес мүшесінен бөлек, бірен-саран өлеңсүйерлер бас қосқан дастарқанда қазақ тілінің жанашыры, домбыраға қосылып шырқайтын әндерімен бүкіл қазақты тәнті етіп жүрген – Татьяна Бурмистрова да бар еді. Көңілді қыздың жүрген жері ән мен күй, қазақы қалжыңды да қайтаратын Татьяна Мархабатқа сызыла қарап, менің сөзіме жазылған «Жарығым» әнін нақышына келтіріп, қабағын шытыңқырап отырған Махаңа қарап, домбыра ішегін қағып-қағып жіберіп:
Күн бар жерде көлеңке
Қатар жүрер, жарығым
Қатайтты ғой, мені ерте
Қаталдығың, жарығым
Мына дүние – кең дүние
Мендейлерге тар ма екен
Желіп өтер, жел дүние
Мендей мұңлық бар ма екен? - деп,
ағасына мұң шаққандай, қолындағы шарап толы стақанын ұсынды. Махаң стақанды столға қойды да, тамағын кенеп:
Айналайын үніңнен,
Татьяна жарығым!
Арайланып, алыстан
Естіледі сарының
Арақ түгіл, стақанды
Жұтар едім жарығым
Асқазаным көтермес,
Қырық жамау қарыным, - деп,
Татьяна әнінің мақымымен орындап бергенде, айнала отырғандар ду күліп, тағы-тағы да жалғаңыз- деп өтініп жатты. Сол кезде Татьяна:
Өзіңді ойлап, еске алмау
Қиын маған жарығым
Кейбіреудей босқа алдау
Бұйырмаған жарығым
Көзіңдегі көзімді
Көрмейсің бе жарығым
Айта алмадым сөзімді
Өл, дейсің бе, жарығым
Жарығым-ау, жарығым
Өтпейді сөзім, бәрібір!.. – деп аяқтағанда, Махаң ойланып алып:
Өлең десе, ән десе
Сүрінбеген, жарығым
Айналайын көзіңнен
Күлімдеген, жарығым
Через адам отырсың
Қапияда жарығым
Мен дегенде, гүл жайнап
Жыр арнадың жарығым
Соның өзі тар келмес
Тақияма, жарығым, - деп өлеңін аяқтағанда, отырғандар алақан соғып, дән ризалықтарын танытқан болатын. Бұл түс мезгілі еді.
Шіркін-ай, ол кезде, уақыттың мерзіміне қарамай, өлеңмен, ән-жырмен, әдемі қалжыңмен өмірімізді өрнектеп, сәнді де мәнді өткізген сәттер көзден бұлбұл ұшып кетерін өкіне еске алатынымызды білдік пе?
Махаң Әселханды «қыпшабел» дейтін. екеуінің де әзілге құралған жарасты айтысын талай тыңдадық. Әттең есте қалмапты. Қызы Фаризадан сұрасам, «ол жерде мен жоқ едім ғой»- дейді. Сонда деймін-ау, сол айтыстарға қырық жыл өтіп кеткен ғой... Әселхан күнделік жүргізбепті. Қазақ фольклорының көп құнды дүниелері айтылған жерде қалып қоюы өкінішті-ақ. Ақын-жазушылар тірі кезінде – өз талантын, халық адамы екендігін ескере бермейтіні, ертең оның әр сөзі халық жадында қайта жаңғыратынына көңіл бөлмеген қиын екен де... Бірақ, кім ойлапты, өмірдің қас-қағым сәтте өте шығатынын.
Бұл жерде, айтайын дегенім Мархабат Байғұттың Абай айтпақшы «өлеңге де таласы барын» байқадық. Бар талапкер өмірінің алғашқы баспалдағы өлең жазудан бастайтыны белгілі. Біздің Махаң да жазуын тоқтатпағанда айтулы ақын болар ма еді. Десек те оның әңгімелерінен ақындықтың лебі есіп тұрады. Классикалық дүниелер – ақындық жүрексіз классикаға айналмауы да мүмкін-ау.
Пістелі
Былтыр май айында Махаңның туылған күні қарсаңында құран бағыштайық, басына барып, тағзым етейік, - деп Шымкенттен бір топ қаламгерлер Түлкібасқа тартып кеттік. «Азаттықтағы» қорымға барып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құран оқыттық. Одан әрі туған ауылы Пістеліге соқтық. Жаздай сонда болып, саумал ішіп, таза ауада демалып, бір жағынан шығармаларын қайта қарап, жалпы ой жұмысымен айналысып жатқандығын есітіп, қуанып қалғанымыз бар.
Пістелідегі бау-бақшасы атшаптырымдай кең екен. Әсіресе, үйінің іргесінен басталып, ту биікке орнатылған «беседкасына» текпішектер арқылы көтерілдік. Махаңның 70 жылдығына орай жасалынған, жетпіс баспалдақ шың басына алып барды. Машаттың салқын желі желпіп тұрды. Саумал ауамен еркін демалдық, жазушыны еске алдық. Бірге болған Асхан Майлыбаева, Анар Жаппарқұлова, Жәмилә Мамырәлі, Махаңның фанаты, қарындасы болып кеткен Ақмарал Құдайбергенова т.б. қыздар тобы қайтқымыз келмей, «Махаңның фазендасында» естелік суретке түстік.
Мол жайылған дастарқаннан дәм татып, қайтуға оқталып тұрғанымызда, жаныма жайлап келген Қыздаркүл жеңгеміз, көзінің мөлдір жасын сүртіп, маған мұңлы жүзбен қарап: - Мархабатты сағындың ба? – деп сұрады. – Сағындым! – дедім. – Мен де сағындым, - деді, Қыздаркүл, көз жасы мөлт етіп.
Не деп жұбатарымды білмедім. Қам көңілмен қамығып қоштастық. Жазушының жары болмақ оңай емес. Ыстығына күйіп, суығына тоңып, бірде бар, бірде жоқ болған, жастық шағын бірге өткізген абзал жарының енді жеттік пе, дегенде көзден ғайып болуы, кімге де болса ауыр тиетіндігі белгілі.
Үйге келгеннен соң да байыз тауып отыра алмай, көптен қалам-қағаздан, яғни жазудан қалыңқырап жүргенімде, мына бір шумақтар қағазға өздігінен түсе бастады. 2024 жылдың 21 мамыры екен.
Біздер қатар жүргенде
Егізімдей едің-ау!
Толқып, шалқып күлгенде
Теңізімдей едің-ау!
Бірімізді біріміз
Қолпаштадық ақырын
Қатар шығып үніміз
Қол бастадық, батырым!
Әр сөзіңді ойланып,
Саралаушы-ең, ардақтым
Елп етпейтін, жайланып
Қорғасындай салмақтым!
Кейде мінеп тастайтын
Кезім болды, мен сені
Талай мерейтойымды
Жүргіздің ғой, еңселім.
Бар кезінде – сағынып
Білмеппіз-ау, қадірін
Іздейміз-ау, сабылып
Сөнген кезде жарығың!
Ажал-тақсыр аямай
Жүргізгенде әмірін
Көпен менен өзіңді
Қатар алды тәңірім!
Күннің нұрын, бұл Аллам
Батарымен сынаған
Жас келгенде ұлғайған
Қатарымен сынаған.
Керуен ұзап, жоғалды
Бұл өмірде не қалды?
Ой ішінде мен қалдым
Тіл ұшында жыр қалдың
Бақұл бол, дос-ағам Мархаббат!
Дос жайында жыр да, сыр да біткен емес! Таулар алыстаған сайын биіктеген.
Естелігімнің соңын, сонау отыз-қырық жылдай бұрын жазылған арнау өлеңімдегі
... Мін таппайды сенен жұрт, менен де
Сен – жазушы, бағым менің өлеңде
Менің ойым – сонау шырқау биікте
Сенің ойың – тебіренткен тереңде!.. депін де.
Ия, тереңінен тебіреніп жазатын, талантты да дарынды, классик жазушы Мархабат Байғұт өлмес шығармаларымен көптің көңілінде мәңгі жасай бермек! Менің де, сенің де, оның да!
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ
ҚР еңбегі сіңген қызметкер, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, ақын-жазушы.