Жаңалықтар

Кітапханамыздың тыныс-тіршілігі

Мемлекет басшысы белгілеген мереке қарсаңында, кітапханаларды дамыту, кітап оқуды арттыру мақсатында атқарылып жатқан шаралар мен жобаларды, кітапханамыздың ашылғалы жасап келе жатқан тыныс-тіршілігін қалың оқырман қауыммен бөліскенді жөн көрдік.

????Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы 2013 жылдың соңынан бастап қалың оқырман қауымға қызмет көрсетіп келеді.

????2013 жылы кітапхананың кітап қоры - 18110 дананы құраса, қазіргі таңда кітапхананың жалпы қоры – 429 738 дананы құрайды.

????Әбу Насыр Әл-Фарабидің ғылыми-әдеби мұрасын зерттеп-зерделеу, фарабитанушылардың оның ішінде А.Машанидің ғылыми еңбектерін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау және Әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханасын әйгілі Александрия кітапханасынан кейінгі екінші кітапхана дәрежесіне көтеру мақсатында жыл сайын кітапханада «Кітапхана – өркениет мұрасы» тақырыбында республикалық ғылыми-көпшілік конференция, креативті форматта жаңалыққа жаны құмар жастардың заманауи квест ойыны, Farabi onlіne: Әбу Насыр әл-Фарабидің «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» трактатынан цитаталар, Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат, «Музыка туралы үлкен трактат», «Даналық маржандары», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету» секілді ғылыми-философиялық еңбектері оқырмандармен бірге талқыланды. Әл-Фарабидің туған жері Отырардағы Руханият – Әбу Насыр Әл-Фараби музейімен бірлескен іс-шаралар өткізілді.

????Жыл басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын кітапхана ұжымымен талқылап, әдеби мәселелер мен кітап оқу туралы ой-пікір алмасты. Зиялы қауым өкілдері мен қалың оқырман қауым және қалалық кітапхана басшылары бас қосып, «Бір қала - бір кітап» акциясына жыл көлемінде насихатталатын ақын-жазушыларды таңдады. Проза жанры бойынша Захардин Қыстаубайұлының «Тұман» шығармасы таңдалды.

«Түнгі кітапхана» жобасы аясында жас жазушы Жәудір Нартайдың шығармашылығын талдау кеші өтті. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында әдеби Stand Up, жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Қобызшы» әңгімесін талдау, «Өмірімнің өзегі» және «Шалқалап туған ай» тақырыбында қарымды қаламгер, білікті журналист, мәдениет саласының майталманы Қайырғали Медеттің кітаптарының тұсаукесері, ақын, әнші, аудармашы Тұрсынай Оразбайқызы туғанына 75 жыл толуына орай «Қазақ ән әлемінің падишасы» тақырыбында сазды кеш, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Бірлік пен бейбітшілікке толы 30 жыл» кеңейтілген кітап көрмесі т.б іс-шаралар өтіп жатыр.

????Отбасылық институтты нығайтуға арналған «Оқитын отбасы - ұлт болашағы», «Кітап.Таным.Тұлға» жобалары аясында жастарды кітап оқуға баулитын, кітап оқып жетістікке жеткен тұлғаларды дәріптейтін кездесу кештері ұйымдастырылуда.

Кітапты қолжетімді ету, кітап оқу мәдениетін насихаттаудың заманауи тетіктерін пайдалану – біздің негізгі міндетіміз. Өскелең жас ұрпақтың кітап оқуға деген зейінін арттыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға баулитын «Бір ел – бір кітап», «Бір қала – бір кітап», «Әже, ертегі оқып берші», «Ұлдарға ұлағат» жобалары аясында жастарды кітап оқуға баулитын іс-шаралар, жаңа форматтағы іс-шаралар жалпы республикалық «KitapTime» фестивалі, жастарды заманауи квест ойыны арқылы кітапханаға тарту мақсатында креативті форматта ұйымдастырылған «FARABІ QUEST», «Сүйікті кітаппен селфи», «Сүйікті қаламмен селфи», 19 маусым – Қала күніне орай «Менің сүйікті қалам!» библиотакси, уақытын тиімді пайдаланғысы келетін оқырмандар үшін өлкетану әдебиеттері және жергілікті қаламгерлердің шығармаларын жастар көп жиналатын қала аялдамаларынан жүктеп алуды ұсынатын «Мобильді QR-кітапхана» шаралары жыл сайын тұрақты түрде өткізіп келеді.