Жаңалықтар

КӨКТЕММЕН ҚОШТАСПАҒАН ЖАЗ

БАҚЫТ ТҰРСЫНҰЛЫ САРБАЛАЕВ

сыншы, журналист

КӨКТЕММЕН ҚОШТАСПАҒАН ЖАЗ

Менің кейде өзімді бақытты сезінетінім бар. Көбінесе емес, кейде ғана. Сирек. Ал, өзімді бұлай сезінетінім – мен шын мәнінде бақытқа жолығам, ол құшағына алады. Саялы да аялы құшағына. Бұл бір жақсы сәт. Мүмкін, А.С.Пушкиннің «Я помню чудное мгновение»» дейтініндей сәт шығар.

Менің айтайын дегенім – тек бұл емес. Менің айтайын дегенім – Фариза Оңғарсынованың екінші мәңгілік өмірі басталғаны, ендігі жерде қазақтың қайталанбас ақын қызы Фаризаға тән лайықты сөз: теңіздігін ашар, тектілігін танытар, тентектігін түсіндірер сөздер ғана айтылуы керектігі. Бірақ, бұл тіпті де оңай емес. Не жасыратыны бар – ақын Оңғарсынованы танысақ, адам Фаризаны түсінсең ғана, азамат Фариза Оңғарсынова айдынын ашып, арнасында жүзе алсаң ғана шамаң жетіп, тарлан сөз айтарсың, тұлпар ой шайқарсың.

Ақын Фариза Оңғарсынованың шынайы адамдық болмысын: өзінің ғана емес, сөзінің де неге тектілігі мен тентек екенін түсіндіре алған тамаша бір эссе-естелік оқып, тәнті болдым. Ол – ақын Ханбибі Есенқарақызының «Өнердегі – өнегем, өлеңдегі – пірім» атты мақаласы. Шынымды айтсам (қалған кезде де өтірік айтпаймын), жарқ еткен бір бақытты сәтті бастан кештім. Адам Фариза өмірден өтсе де, ақын Фариза Оңғарсынова өмірде бар екеніне! Мұндай ақынның (Ханбибі тағы бір танытып, ұқтырған) мәңгілік ақын екеніне және анау Тұмар ханшайымдай, Домалақ анадай, Тастанбекқызы Сарадай қазақ екеніне. Ал іс жүзінде де жарқ етіп дүниеге келген жасын жыр мен жүректі жарып туған әдеби «эсселерін» оқыған адамды селт еткізіп, ордалы ой мен сұлу сезім бесігіне бөлеп, бір сәт болса да бақытты ету емес пе?! Ендеше осындай қазақ ақындығының ханшайымы Фариза бітіміне өрелес эссе-естелік жазған Ханбибі Есенқарақызы осал ма?!

Эсселерді оқып шыққан соң Шымкенттегі Ханбибіге хабарласып, ризашылығымды білдіріп, рақметімді айттым.

Ханбибі Есенқарақызы – әлдеқашан қазақ әдебиетіндегі өз орнын ойып алып, жеке әлемін түзген ақын-жазушы.

Номинант болып отырған Ханбибі Есенқарақызы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп ойлаймын.