Жаңалықтар

Жан сарайыңды жаңғыртатын «Эсселер»

Жан сарайыңды жаңғыртатын «Эсселер»

Көркем шығарма несімен құнды деп түрлі крийтерилерді, шығармаға қойылатын талаптарды алға тартып жатамыз. Әдебиеттанушы ғалымдардың, теорияны зерттеушілердің бұл бағыттағы қаншама зерттеу еңбектері бар. Бір мәселе анық, жазылған шығарма оқыған адамға оң әсерін тигізсе, дұрыс адам болып қалыптасуына ықпал етсе, онда сол дүниенің оқырманға берері бар дүние болғандығы. Ханбибі Есенқарақызының эсселерін оқып отырып, өзіңнің де бойыңа күш біткендей, жігеріңді жанып, қайраттана түскендей сезімде боласың. Себебі, автордың бойындағы сондай адуынды мінез, қайтпас қайсарлық қай жазбасынан да жарқырап көрініп тұрады. «Эсселерді» қолыңызға алып парақтай түссеңіз, ә дегеннен «Айбарлы атам еді» деген тақырыптағы естелік-эссе өзіне қарай баурай жөнеледі. Ұлы Отан соғысының батыры, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының кіп-кішкентай ақын қызға назары түсіп, сүрінгенде сүйеу болғанын бір деммен оқып шығасыз. «Өлеңді көбірек жаз, көбігін қалқып тастап жаз»,-деген сөз Ханбибі ақынға ғана емес, қолына қалам ұстаған барша шығармашылық иелеріне арнап айтылғандай. «Шіркін-ай, қысылғанда қол ұшын беретін, шалыс бассаң жол сілтейтін, адасқанға ақыл қосатын осындай адамдар неге көбірек болмайды екен». Осы бір сөйлем Отан үшін от кешкен Бауыржан Момышұлының да, ақындық жолға қадам басқан Ханбибі Есенқарақызының да болмыс бітімінен толықтай хабар беріп тұр. Оқырманды ойландыратын, жалпақ жұртты жігерлендіретін түйін.

«Қаһарман – Қасым Қайсенов», бұл эссенің жөні бөлек. Адамдарының табиғаты мен жерінің табиғаты ұқсас келетін Оңтүстік өлкесінің ауа-райын суреттеген сөйлемді оқып, риза болмасқа амалың жоқ. «...Қысы – жауынды, жазы – дауылды. Сықырлаған сары аязды, буырқанған боранды да аңсайсың. Бозбаланың мұртындай тебіндеген қырбық қар, кебісіңе жұқ та болмайды...». Кәдімгі батыр Қасым Қайсеновтің келетінін естігендегі автордың асығып-аптығып жүгірген сәтін суреттеген сөзді оқып отырып, өзің де бірге әрі-сәрі күй кешіп, абдырап қаласың. «Қап. Еш дайындық жоқ. Тіпті нан да таусылыпты. Жүгіртіп жұмсай қоятын баланың жатысы мынау. Қонақ келгенде қазан көтеру міндет. Әйел салтын жасап, ет аспақ ниетпен тоңызытқышты ашсам, ет біткен үсіп өлген көксеректің сирағындай құшақтасып, қатып қалыпты. Әйтеуір алдым-ау, ордалы жыландай ұйыстырып... Ұзақ кідірмес дейді ішкі ойым». Оқиға жалқы адамның басында өтіп жатқанымен, жалпыға ортақ жағдай. Өмірінің басым бөлігі ас үйде өтетін әрбір әйел балаларының басындағы таныс тіршілік. Есенқарақызы эсселерінің бір ерекшелігі – бір бастаған эссеңді аяқтамай тоқтай алмайсыз. Қым-қиғаш оқиғалар кезек-кезегімен, кезең-кезеңімен өзіне тарта береді. Қазіргі қоғамдағы көпшілікке кітапты қалай оқытамыз деп жасалып жатқан көп жобалардың біріне Ханбибі Есенқарақызы эсселерін қосуға әбден лайықты. Оқырманын шаршатпайтын, жалықтырмайтын жазбалар, жылдам бастап, жылдам аяқтап тастайсыз. Соңында жан сарайыңыз жадырап, өзіңізге керекті, өміріңізге қажетті ғибрат аласыз. «Бір өзі бір бөлмені толтырып, иығымен көк тірегендей халық батырының да» елден жасырған қайғысы, ешкімге көрсетпей жылайтын сәттерінің болатынын да шынайы жеткізе білген. «Сөзін аяқтамай беторамалмен көзін сүртті. Қайран жүрек! Қарт жүрек! Түкті жүрек, бүгінде күпті жүрек..». Осы бір ауыз суретті сөзден-ақ қаһарман Қасым Қайсеновтің тартысты тағдыр жолы көз алдыңызда көлбеңдейді.

​Ханбибі Есенқарақызы эсселерінде азаматтық тұрғыдан биіктік, қаламгерлік тұрғыдан тереңдік байқалады. Қай кейіпкерін алып қарасаңыз да сол тұлғаның бет-бейнесін толыққанды ашып шығады. Оқырманды жалықтырып жіберетін артық сөз, жалған мадақ жоқ. «Мәңгілік махаббат жырын» жазған Әзілхан Нұршайықов, қоғам қайраткері, губернатор Аман Төлеев, елге сіңірген еңбектері ерен Марс Үркімбаев, Қуаныш Айтаханов сынды алып азаматтардың атқарған қызметтерін ғана емес, тұлғалық қасиетімен де толыққанды таныса аласыз. Ханбибі Есенқарақызының сапарға шыққан сәттерінде де босаңсымайтынын, керісінше көрген дүниесін көңіл сандығына құйып, оқырманға шашпай-төкпей ұсына алатын қаламгерлік қабілетіне таңдана түсесің. «Ежелгі Мысыр еліндегі» саяхатқа бірге шыққандай, сол қызыл теңізде жүзіп, Пирамидаларды өз көзіңмен көргендей көркем дүниемен көңіл көкжиегің кеңейе түседі. «Батырланса, қаһарына жан шыдатпас, ақынданса қоңыр үнімен айналаны алақанында ұстап, тыңдарманның жүрегіне гүл сыйлай алатын халық ақыны» деп баға берген Әселхан Қалыбекова туралы эссе де жүрек қылын шертетін, арда өнер айтысқа деген құрметіңді еселей түсетін ерекше дүние. «Не мен көп жасап кеттім, не олар ерте өліп қалды»,-деп басталатын ақын Нәмет Сүлейменов туралы жазбаның да жөні бөлек. Есенқарақызының рухани ағасы, әкесі дейтіндей жан жүрегіне жақын жанның өлеңін де, өмірін де бір ауыз сөйлемге сыйғызып жіберген. «Нәмет Сүлейменовтің өлеңдерінің төрт аяғы қалай тік тұрса, өзі де өмірде нық тұрды». Қаламгерлік қасиеттің құдіреті де осында болса керек.

​«Эссе – оқырманды ой теңізінде жүздіретін, өзінше ойлау қажеттілігін туғызатын, қаныңды қыздырып, рухани әлеміңе азық сыйлайтын, дүние құбылыстарын өткір қабылдауымен ерекшеленетін көркем туынды»,-десек, Ханбибі Есенқарақызының эсселерінде осынау эссеге қойылатын талаптардың барлығы тап-тұйнақтай көрініс тапқан. Тіпті ешқандай әдеби өлшеммен өлшей алмайтын, теориялық тұрғыдан талдап көрсете алмайтын, бірақ жан сарайыңды жаңғыртатын жақсы дүниелерді осы эсселерден табасың. Қоғамдағы қайнаған тіршілікті қалт жібермей өз үлесін үздіксіз қосып келе жатқан, мемлекетіміздің мызғымас беріктігін сақтау мақсатында ерен еңбек сіңірген Есенқарақызы шығармалары қандай марапатқа болсын лайықты дүниелер. Ханбибі Есенқарақызының Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Эсселер» жинағы көркемдік жағынан да, мазмұны жағынан да мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты көркем дүние.

Анар Абусайылқызы Жаппарқұлова

Ақын, ф.ғ.к., Әл-Фараби атындағы қалалық

ғылыми-әмбебап кітапхана басшысы.