АЙТЫСТЫҢ АРУАНАСЫ
АЙТЫСТЫҢ АРУАНАСЫ
Бүгін Халық ақыны, Қазақ айтысының Аруанасы, “Парасат” , “Барыс” ордендерінің иегері Әселхан Қалыбекова апамыздың туған күні. Көзінің тірісінде халқының бар ықыласына бөленген ақын ана, қазіргі айтыс өнерінің барша өкілінің ардақты анасы атанып кеткеніне алты алаш куә.
Айтыс сахнасына кеш шықса да, барлық белесін бағындырып үлгерген Әселхан апамыз, шәкірт тәрбиелеуден де кенде болған емес. “Құрмет” орденінің иегері Маржан Есжанова, Айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбеков, айтыстың аққулары Карима Оралова, Анар Жаппарқұлова сынды ізбасарлары ел-жұртының жүрегінен орын алған ақындар.
Әселхан апамыздан кейін Оңтүстік өлкесіндегі ақындардың үлкені, ұйытқысы болып отырған Маржан Бекжанқызы апамыздың туған күнінде ақындардың басын қосып, еске алып, құран оқытты.
Айтыстың Аруанасы айтыс пен жазба өнерді қатар ұстаған қарымды қалам иесі болатын. Артына өнегелі өлеңдері мен мол мұрасын қалдыра білген Әселхан Қалыбекова қашанда туралықты ту еткен адалдығымен, саф өнерді қызғыштай қорыған тазалығымен айтыс өнерімен бірге мәңгі жасай бермек!