Жаңалықтар

«ТАТУ ЕЛДЕ ТАБЫС МОЛ»

«ТАТУ ЕЛДЕ ТАБЫС МОЛ»

Бүгін қалалық «Достық» үйінде этнос өкілдерінің қатысуымен 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай «Татулық – тірегіміз!» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті.

Жиын барысында татулық пен ынтымақтастыққа, адамдар арасындағы бауырмалдық қарым-қатынасқа байланысты ой-пікірлер тыңдалды.

Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы А.Қансейіт студент жастарға жоғарғы оқу орнын бітіргеннен соң қызметке тұру үшін мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер мен жеңілдіктер жасалып жатқандығы жөнінде мағлұмат берсе, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы, көрмелік-бұқаралық жұмыс секторының басшысы А.Алдабергенова «Бірлік пен татулық – дамудың кепілі» тақырыбында баяндама жасады.

Абай атындағы қалалық орталықтандырылған кітапханасы, №2 бөлімшесінің басшысы А.Сламбекқызы бүгінгі таңда кітапханада татулық пен келісімге орай өткізілген іс-шаралар туралы айтты.

Сондай-ақ, жиынға қатысқан Шымкент каласы дін істері басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ-нің ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімі басшысы С.Тілләбек «Дін мен дәстүр тұтастығы – татулық пен тұрақтылық кепілі», қалалық ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшесі, «muzbalaq kz» сайтының редакторы, белгілі журналист Б.Қалбыр «Татулық пен келісім - береке бастауы, бауырластықтың белгісі» тақырыптарында ой бөлісті.

Титов атындағы №20 мектеп-гимназияның мұғалімі Қ.Бадирова «Мектеп оқушыларын татулыққа тәрбиелеудің маңыздылығы» тақырыбындағы баяндамасын шәкірттері И.Пономарев, К.Петрова, А.Нам, Ю.Эргешова қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын орындаумен қорытындылады.

#ҚоғамдықКелісімБаспасөзҚызметі