ӘДЕБИЕТКЕ ТҰҒЫР БОЛҒАН БАСЫЛЫМҒА 90 ЖЫЛ
ӘДЕБИЕТКЕ ТҰҒЫР БОЛҒАН БАСЫЛЫМҒА 90 ЖЫЛ
Тұтас ұлттың әдебиетіне тұғыр болған басылымға – 90 жыл. 1934 жылы қаңтарда алғашқы саны «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын» деген ұранмен басталған басылым осы уақытқа дейін аманатына адал болып, елдің әдеби-мәдени, рухани көшін қара нардай алға тартып келеді.
Тұңғыш редакторы – қазақ прозасының майталманы, ғажап жазушы Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшысы – Мұхамеджан Қаратаевтар бастап, саялы «Үш бәйтерегіміз» газеттің ақылдастар алқасы – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер қостап, «аңсаған шөлде су тапса, бас қоймай ма бастауға» дегендей, шөліркеп жатқан жұртын рухани дүниемен сусындатып еді. Сол сәттен бері осы алтын арқау үзілмей келеді. Қазақ руханиятының, әдебиеті мен мәдениетінің бағдаршамы болған басылым талай жас дарындардың бағын ашты. Басылымның ел ішіндегі абройы мен таралым деңгейін осыдан-ақ байқасақ болады.
Елдің әдебиеті мен мәдениетінің үнпарағы болған үздік басылымның 90 жылдық тойымен құтықтап, «Ғұмыры ұзақ болсын, қазақ елімен бірге жасай берсін» деген ақжарма тілегімізді жеткіземіз.