Жаңалықтар

ЕРКІНДІК

????????ЕРКІНДІК????????

Еркіндік деген немене,

Байлық па, бақ па аңсаған.

Теңізде жүзген кеме ме,

Жұлдыз ба көкте самсаған.

Еркіндік деген аспан ба,

Айменен, күнмен астасқан.

Жыраулар жазған дастан ба,

Жалғанмен қимай қоштасқан.

Еркіндік деген мен білсем,

Ойымда және санамда.

Өзімді өзім сендірсем,

Ғажайып мынау ғаламда.

Ой еркін болса, сөз еркін,

Ауамды еркін жұта алсам.

Өзімде болса өз еркім,

Қалаған жанды күте алсам.

Апалар – көзі ескінің,

Тыныштық деуші еді тамаша-ай.

Үйіме барып кешқұрым,

Қайғысыз ішкен қара шай.

Көріпті оның жүзін кім,

Қара ма, ақ па түр-түсі.

Немеремменен қызымның,

Еркіндік еркін күлкісі.

Әкеміз атын суарған,

Туған жерімнің ақ гүлі.

Еркіндік еркін қуанған,

Балаларымның шаттығы.

Сарсаңға түспей езіліп,

Тұлпардай еркін тебінсем.

Еркіндік тыныш көз іліп,

Таңертең еркін сезінсем.

Қарусыз және қамалсыз,

Дүбірлей берсін той ұлы.

Еркіндік деген алаңсыз,

Балапандардың ойыны.

Таңымыз атса тып-тыныш,

Бейбіт күн оның досы екен.

Ел аман болса жұрт тыныш,

Еркіндік деген осы екен.

Авторы: Кітапхана директоры, ф.ғ.к, айтыскер ақын Жаппаркулова Анар Абусайылқызы