Жаңалықтар

Айғақ» телерадиокомпаниясының басшысы Дулат Назарбекұлы Әбіш кітаптарын алып келіп, кітапханаға тапсырды

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының қоры Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық Коғамдық кеңестің мүшесі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистика Академиясының академигі, «Айғақ» телерадиокомпаниясының басшысы Дулат Назарбекұлы Әбіш техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның Құрметті металлургі, «Еңбек данқы» төсбелгісінің толық иегері, рений және осмий өндіру саласында патенттелген 16 ғылыми еңбектің авторы Төлеген Бүкіровтың аманат етіп тапсырған «Талайлы тағдыр баяны», «Музей ата», «Біздің Қаныш Имантайұлы», Б.Мырзабековтың «Аманат» атты кітаптарын алып келіп, кітапханаға тапсырды.

«Талайлы тағдыр баяны» кітабында Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында кен орындарында кездескен ауыртпалық, өндіріс саласының өсу кезеңі, автордың еңбек жолы мен осы жолда басынан өткерген қиындықтары және одан шығу жолдары, өндіріс саласының майталмандары туралы естеліктер баян етіледі.

«Музей ата» атты жинаққа белгілі өлкетанушы, Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі музей ісін қалыптастырып, жандандырушы, «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» мемлекеттік медальдері, бірнеше Құрмет грамоталары және алғысхаттармен марапатталған, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Сүтемген Тақабайұлы Бүкіровтың өмірі мен еңбек жолы жайлы баян ететін естеліктер топтастырылған.

«Біздің Қаныш Имантайұлы» қазақ және орыс тілдеріндегі естеліктер кітабы Қазақ Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сатпаевтыңөшпес бейнесін жаңғырту мақсатында бірнеше жыл жинап, баспаға ұсынғанымен, белгісіз себептермен жарық көрмеген Сүтемген Тақабайұлының еңбектерінің бірі.

Батырбек Мырзабековтың «Аманат» романына шамамен ХІХ ғасырда Ұлытау өңірінде өмір сүрген, ел ішінде «Төрт босаға» атаумен танымал болған, бірлікті, татулықты ту еткен тарихи тұлғалардың тағдырлы өмір жолы мен сол кезеңнің қилы-қилы оқиғалары арқау болған.

Кітаптар көпшілік оқырманға арналған.

#Әлфараби

#Жаңакітап