Жаңалықтар

«Түрмеде жазылған жыр»

Құрметті оқырмандар!

Президенттің 2020 жылғы 10 қарашадағы №748 қаулысы бойынша «Саяси қуғын – сүргін құрбандарын жаппай ақтау» туралы жарлығына сәйкес Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының мерзімді басылымдар секторы «Ақтаңдақтар ақиқаты» айдарымен отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдарда орын алған заңсыз жазалаудың құрбаны болған Алаш ақтаңгерлері туралы көне басылымдарда жарық көрген мақалаларды ұсынады.

Назарларыңызға «Оңтүстік Қазақстан» газеті 1989 жыл 6 январь №4. 4 бетіндегі Тәңірберген Отарбаевтың «Түрмеде жазылған жыр» атты өлеңін ұсынамыз.

Түрмеде жазылған жыр

Жетелеп келді мені тағдыр айдап,

Еріксіз, қол-аяқты жіпсіз байлап.

Ағайын, туғандарға сәлем дей бер.

Жібермес қолға түстім көзім жайнап.

Дүниеде барлығы да күңгірт тартты.

Бұлбұл ем бау-бақшада тұрған сайрап,

Жұртым-ау, қадіріңді білмеппін ғой,

Жат болып, менікі емес қалдың жайрап.

Өмірдің өтпегінің белгісі жоқ,

Пәлен күн барам демес саған жайлап.

Орныма егін ексең мен кетейін,

Кіжінген дұшпандарым тісін қайрап.

Қолымен ұстап берген кісімсініп,

Отырар қуанысып, күліп-ойнап.

Бурадан бота ажалы кейін келмек.

Тегінде есіне оны да ойлап.

Жаманның іздегені сауап емес.

Өлді десе шабады ерсіз жайдақ.

Өзіме өлім арнап жүргенім жоқ,

Лебізі дос-дұшпанның тұрса да ойда-ақ.

***

Сағындым сені қатты өскен жерім,

Шырылдап тар құрсақтан түскен жерім.

Кеткелі біраз заман болса-дағы,

Қалмайын ұмытылып естен жерім.

Сөйдесем ішімдегі шерім тарқар,

Жігітке еткен талап өнер артар.

***

Ұмытпай ішкен суын, жеген отын.

Үйренген айуан мал да жерге тартар

Қайран ел, ұмытам ба сені өлмей.

Қалмайсың ешбір күні ойға келмей.

Ағайын елде қалған еске түссе,

Боламын мен қайғылы, ойнап-күлмей.

***

Жасымнан жүрмін мен де өнер қуып,

Қайран ел, есті білдім сені туып.

Төрт-бес жыл кеткеніме болса-дағы,

Көңілім кете алмайды сенен суып.

***

Бұл дүние жұтпайынша кімді тастар

Кәрі мен кетіп жатыр қыршын жастар.

Бірге өскен, бірге жүрген жан жолдастар.

Ойына алар ма екен замандастар.

***

Қор болмас тәуекелге бел байлаған,

Ел қадірін ескеріп кім ойлаған.

Жерімде туып-өскен сайран етіп.

Сағынам құрбыларды бірге ойлаған.

***

Білінбей бара жатыр күндер өтіп,

Аңғырттық, аңсыздығым түпке жетіп,

Әр дәйім кеуіп-сенген қайран көңіл

Қайғысын жүрегімнің тұр көбейтіп.

***

Сонда да менде үн жоқ, мен шыдадым,

Дыбыссыз естілмейді еткен зарым.

Жас төгем, жұбанышым тек сол болып,

Жабыққан жай табады сонда жаным.

***

Су шығар жалбызы бар шилі жерден,

Сөз шығар естімеген үлгілі елден.

Сайрап қал, қызыл тілім, ел-жұртыңа,

Құтылған еш адам жоқ қара жерден

Дүние қусаң қашар, қашсаң жетер,

Өмірді жетемін деп қума бекер.

Дүние ені жалпақ, түбі терең.

Көп адам аттай алмай түсіп кетер.

***

Жігіттер, жақсы қайда өнер шашқан,

Көңілдес адамдардың көңілін ашқан.

Анау озық, мен кейін қалам ба деп

Көз салып бірін-бірі шамаласқан.

Сүрініп ат аяғы кетер болса,

Дұшпан түгіл, досың да табаласқан.

Жақсыны өзі болған көре алмаған,

Өрт қойып жан-жағынан қамаласқан.

***

Ақылшы шығар бекзат ел ішінен.

Данышпан ойы зерек жұрттан асқан.

Япырай кессем бе екен мен тілімді

Үйрендім қайдан өнер, көп білімді

Өткіздім қасірет пен қапалықта

Қызықты ойнап-күлер мезгілімді.

***

Бұлбұл ем сұлу әнді талмай салған

Байғұспын бүгін жолда жалғыз қалған,

Аямай айдап кетті дүние шіркін

Атақ, бақ, шаттық екен- бәрі жалған

***

Қайғыдан ғаріп жаным пара-пара

Сұм тағдыр жазылмастай салды жара

Айрылып, ел-жұртымнан қалдым жалғыз

Өлеңім –жан серігім жалғыз ғана.

***

Көрінед өткен өмір бұлдыр-бұлдыр,

Секіріп ор қояндай өмір сырғыр.

Өң бермей өтінішке өте шығар

Жалынып, жалпайсаң да өмір құрғыр.

***

Алты ай қыс, алты айыңды жаз ғылып жүр,

Біреуден кей біреуді аз ғылып жүр

Қарасаң қалпы жаман замананың,

Біреуді біреу арбап азғырып жүр.

***

Кейбіреу өтірік айтып, өсек тасып,

Жалғанға жанын сатып, сендіріп жүр,

Халықтың қамын ойлар әділет жоқ.

Көнбеске көмескі өмір көндіріп жүр.

Келтірмес өлімді ойға нәпсіге ерсек

Жеріне көңілге алған жеткізе алмас

Адамдықты кетірер наданға ерсең.

«Оңтүстік Қазақстан» 1989ж, 6 январь, №4 4 бет.

#әлфараби

#газетжурнал

#аалашақиқаты