Жаңалықтар

«Ұлт мәдениетін жаңғыртушы»

2021 жылдың 24 қараша күні Әл – Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына орай «Ұлт мәдениетін жаңғыртушы» тақырыбында ғылыми-көпшілік конференциясы өтті.

Конференцияның жұмысында «Өзбекәлі Жәнібеков және отандық тарих ғылымы», «Өзбекәлі Жәнібеков - қазақ руханиятының биігінде тұрған тұлға», «Әзірет Сұлтан» қорық – музейінің экспозициясын жасаудағы Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі», «Өзбекәлі Жәнібеков қоғам қайраткері, ғалым, тұлға» «Мұраны мекеніне жеткізген», «Қазақтың этномәдениетіндегі Өзбекәлі Жәнібековтің ролі» тақырыбында ғылыми баяндамалар оқылды.

Аталмыш іс – шарада ХҚТУ – нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсын, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Айғаным Серім, М.Әуезов атындағы ОҚУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Өткір Әлиев, ОҚМПУ – нің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Нариман Нұрпейіс, «Әзірет – Сұлтан» мемлекеттік тарихи – мәдени қорық – музейінің қызметкері Берік Байболов және аға оқытушы, магистрлер қатысты.

Конференцияның модераторлық міндетін ХҚТУ – нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсын атқарды.

Ғылыми жиынды кітапхана директоры, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Анар Жаппарқұлова қорытындылап, қатысушыларға алғыс білдірді.

Ғылыми конференция бағдарламасы екі бөлімнен тұрды: бірінші бөлім дәстүрлі офлайн форматында, екінші бөлім ZOOM форматында өтті.