Жаңалықтар

Шынайы музыкаға үнемі шөліркеп жүретін өнерсүйер қауымды қазақтың біртуар перзенті Рыспай Ғабдиевтің 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз!

Шынайы музыкаға үнемі шөліркеп жүретін өнерсүйер қауымды қазақтың біртуар перзенті Рыспай Ғабдиевтің 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Оның таланты қазақ халқының бойын шымырлатып, рухына үн қосты, шабыттандырды, шаттыққа бөледі.

Шебер домбырашы, талантты музыкант Рыспай Хисметұлы Ғабдиев Астрахан губерниясының Қызылжар өлкесінде 1936 жылы өмірге келген. Кезінде аталары Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Мыңтөбе ауылының бай, молдасы болған соң, Кеңес үкіметінен кашып, Ресей жеріне ел ауып кеткен.

Бала кезінен домбыраның құлағында ойнаған жас дарын күй өнеріне ерекше қызығушылығы мен талантының арқасында дүйім елге танылған. Тіпті, Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыка училищесіне арнайы шақырылып, оқуға қабылданады. 1960 жылы Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданында өнерпаз жастардан құралған ұлттық аспаптар оркестрін ұйымдастырып, сол жылы республикалық байқауда 1-орынға ие болды. Оқуды бітіріп, туған жеріне қайта оралған соң, сол кезде Балықшы ауданына қарасты Еркін қала селосында ұлттық аспаптар оркестрін құрды. Бұл оркестр 1967 жылы Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық халық көрмесінде өнер көрсетіп, алтын медальмен марапатталды.

Доссор мұнай кәсіпшілігінде ашылған музыка мектебін 18 жыл басқарған Рыспай аға осы мектептің негізінде «Мақат» ұлттық аспаптар оркестрін құрып, оның шеберлігін кәсіби деңгейге көтерді. 1977 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық оркестр дирижерларының байқауында 1-орынды жеңіп алып, лауреат атанса, Болгарияның София қаласында өткен халықаралық фестивальде 1-орын алып, алтын медаль иеленді. 1994 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен «Жерорта теңізінің қиялы» атты халықаралық фестивалінің гран-при иегері, 1998 жылы халықаралық «Құрманғазы және Ұлы дала

музыкасының» гран-при иегері, 1996 жылы «Халық әртісі» атағын алды. Шәкірттері үшін үлгілі ұстаз бола білген Рыспай ағаның ізін жалғастырушы ұлдары Мұқадес пен Арыстанбек Ғабдиевтер де қазір оркестрдің мерейін өсіріп жүр. Мұқадес аға оркестрдің көркемдік жетекшісі болса, Арыстанбек - жеке домбырашысы. Ғабдиевтердің өнерлі отбасында жалғыз домбырашылар ғана емес, скрипкашы да бар. Ол – Рыспай Ғабдиевтің жиен-немересі Бибіфатима Азиева. Көңілдерге мөлдір сезім ұялатып, қиялдарға қанат қақтырған талант иесінің есімі ел есінде мәңгі сақталмақ.