Библиотакси
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастырумен «Менің сүйікті қалам!» атты библиотакси шарасы өткізілді.
Шараның мақсаты – қала тұрғындарына, жастарға Шымкент қаласы туралы толығырақ мағлұмат беру, қаламыздың тарихымен, мәдени орындарымен, ақын-жазушылары, мәдениет және қоғам қайраткерлерімен таныс¬тыру арқылы Отанға, туған елге деген сүйіспеншілігін арттыру болды.
Библиотакси аялдамаларда такси тоқтатып тұрған жолаушыларға бөгеліп, қала тарихы мен мәдениеті, ақын-жазушылары туралы сұрақтар қойып, маңызды ақ¬параттармен бөлісіп, дұрыс жауап берген қатысушыны бағыт алған жеріне тегін жеткізді.
Библиотакси шараға қатысушы тұрғындарын біршама қызықты деректермен және пайдалы мәліметтермен қызықтырғаны айқын. Сонымен қатар, кітапхананың жаңашыл бағдарламалары, тың жобалары арқылы осы сынды шаралардың өткізілуі қала тұрғындарының «кітап» деп аталатын сарқылмас қазынаға деген қызығушылығын арттырып, оқырмандарды осынау рухани ортаға көптеп келуіне себеп болмақ. Шара барысында сұрақтарға толық жауап берген оқырмандарға қаламыздың ақын – жазушыларының кітаптары сыйға тарту етілді. Туған топырақтың тарихына, әдебиеті мен мәдениетінің тұңғиық тереңіне бойлатқан шара бұдан кейін де өз жалғасын табатын болады.