Жаңалықтар

«Наурыз дәстүрі жастар қолында»

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Наурыз дәстүрі жастар қолында» тақырыбында халықаралық вебинар өтті. Наурызды тойлайтын Түркия, Иран, Ауғанстан, Корея, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, мемлекеттердің қатысуымен өткен вебинар Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының, сондай-ақ, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссиясының тікелей ұйымдастыруымен өткізілді.

Онлайн-офлайн форматында өткен вебинарда Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Материалдық емес мәдени мұраны қорғау Конвенциясының хатшысы Тим Кертис (Париж), ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО Бюросының директоры Криста Пиккат, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Анар Дутбаева, Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Х.Есенова, т.б. қатысушылар құттықтау сөздер мен баяндамалар оқыды.

Алқалы жиын ЮНЕСКО-ның Атаулы және мерейлі даталар күнтізбегіне енген Шымкент қаласының 2200 жылдығының аясында өткен маңызды шараның бірі. Шараның мақсаты - Ата-бабадан жеткен ұлттық, халықтық мәдени дәстүрді зерттеп-зерделеуге жас ұрпақты тарту, әр елдің наурызды мерекелеу дәстүрінің ерекшелігін және ортақ тұстарын әңгімелеу, сондай-ақ, Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи мәдени байланыстарды жалғау.